Get Adobe Flash player
Slide item 1
Slide item 2
Slide item 3
Slide item 4
Slide item 5
Slide item 6

Главное меню

Добро пожаловать!
Структура музея
Виртуальный тур
Экспозиция
Шедевры, коллекции
Научная деятельность
Законодательство
Госзакупки
Новости
Массовые мероприятия
Западно-Казахстанском областном историко-краеведческом музее открытие зала «Елбасы және Тәуелсіздік» Казахский государственный академический оркестр народных инструментов имени Курмангазы в Приуралье «Дін және дәстүр» «Я памятник воздвиг себе нерукотворный» «Әсем табиғатты қорғау – әркімнің міндеті» «Живем, пока помним!» «День открытых дверей» и акция «Ночь в музее» Ерлік пен Жеңіс Чтобы музы не молчали Отқа оранған жастық Невестка Б.Момышулы в Приуралье Абайдың табиғат лирикасы Әлем бірлігіндегі Қазақстан «Біз біргеміз – берік іргеміз!» Ақ Жайық – достық мекені Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі Сыр еседі сыңғырынан сырғаның Жауқазын Ерлікке толы Ұлы жол Әсем қоңыр «Масленица» «Хандық билік және қазақ елі» «Қысқа ғұмыр, биік белес» «Жалынды ақын, жаужүрек батыр» "Ақжайық-достық мекені" «ЭКСПО-2017 – елдің ерен жеңісі» Открытие мультимедийного комплекса «Сакентану» Батыс Қазақстан облысының мамонт фаунасы «Ғұлама ғалым, парасатты азамат» «Керей қайда барасың?» «Поэзия әлемінің ұлы Қадыры» Поэзия Пайғамбары «Ұрпаққа мұра болар сыйлар» «Кенеп бетіндегі Тәуелсіздік жетістіктері» «Тәуелсіздік шежіресі» «Арманы үлкен – азат ел» «Биік белестер» «Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі» «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» «Елін сүйген, елі сүйген елбасы» «Елбасы – ел тірегі» «Біздің Елбасы» «Ұлт көшбасшысы» «Ақордада көк байрағын нық ұстап, елбасымыз алаш арын арлаған» «Ұлтын сүйген ұлы жүрек» «Қазақстан-2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол» «Елін сүйген,елі сүйген – Елбасы» «Ақпәтер ауыл тарихы» Тұлға. Зерттеуші. Азамат. Ұлттық валюта – тәуелсіздік негізі Пайдалы қазбалар Шеңберден тыс дүние Тастөбе ерліктің ескерткіші Өнер әлеміндегі тұғырлы тұлға Бабалар бейнесі Ізгіліктің нұрын сепкен Күмбірлеген күй сыры Тіл тағдыры-ел тағдыры «Динозаврлар әлеміне саяхат» «Редкие растения Миргородского ландшафтного заповедника» «SOS - сайгак» Қазақ болмысы жәдігер бойында «Өрелі өмір – әркімге өнеге» «Тәуелсіздік туын көтергендер» «Қайдасыңдар, жалындаған жастарым?» «Жайықтан шыққан ән бұлбұлы» «Мың тұяқтың дүбірі,бір Тұяқтың саусағы» «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария!» «Зерделі сөздің зергері» «Тіл – татулық тірегі» «Діни экстремизм және терроризм» «Алтын ханшайым» «Өнегесі мол өрелі жан» «Күй әуен – сазбен өрілген жыр шежіре» «Ұлы Абайға тағзым» «Орнатылған ескерткіш белгі міне, Есіміңе қанықты ел бүгінде» «Спортты серік еткендер» «Тәуелсіздік нышаны» «Жабайы аңдар – жаралы табиғат» «Әсем қалам – Астанам» «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі!» «Астана – махаббатым менің» «Тайна керамическихкувшинов» «Елі ардақ тұтқан ұстаз» «Дін және жастар» «Менің туым, менің елтаңбам, менің Әнұраным» Облыстың ерекше қорғалатын табиғи территориялары «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» «Ел айбынын асқақтатқан рәміздер» «Геральдика тарихы және Отанымыздың рәміздері». «Аға ұрпақтың сыннан өткен сардарлары» «Мұрағаттар сыр шертеді» В областном музее состоялась акция «Ночь в музее» «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» «Отырарда ойлылардың ізі қалған» «Ғасырлар таңбасы-Капустин Яр» «Өнерің сенің жалғасын табар бүгінде» Еңбегімен елге танылған тұлға «Крылатые друзья» «Табиғат жанашырлары» «Өмірде ізгі із қалдырған» «Бекіре тұқымдастарын болашаққа сақтайық» Әз-Наурыз Ряд мероприятий прошли в стенах Областного музея, в канун праздника Наурыз «Наурыз келсе, құт келгені, ағайын!» «Ұлыстың ұлы күні, жыл басы - Наурыз» Жайықтың самал лебі «Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» «Әлемнің құдірет күші - аналар» «Қазақстанның биологиялық ресурстары, оларды қорғау және тиімді пайдалану мәселелері» «Ардақты, асыл жандар» «Царство насекомых» «Қыр кенебіндегі тамшылар» «Веселая масленница» «Уходили парни из Афгана...» «Ауғанда от кешкендер» «Афганистан болит в моей душе: 25 лет спустя» «Ауғанстан – жүректегі жара» В областном музее состоялось очередное заседание актива «Ауған ақиқаты» «Ауғанстан естеліктері» «Жанымды жаралаған Ауғаныстан» «Дін мұраты ынтымақ пен бірлік» Состоялось торжественное открытие проекта «Мирас» «Қадыр – балалар әдебиетінің атасы» «Күй анасын құрметтейік» «Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы» Музейный урок «Жабайы аңдар» «Батыс Қазақстан облысының мамонт фаунасы»
Выставки
«Алтын ханшайым» «Жанымды жаралаған Ауғаныстан» «Музеи-сокровище народа» «Звон старинного серебра» «Өнеге өрнектері» «Күй-дария» «Халық өнері - асыл қазына» «Әнші әлемі» «Оралым менің, Оралым» «Азаттық аңсаған азамат» «Ақын тілі – арман тілі» «Сағындым сені, Оралым!» «Түркі жазба мәдениетінің тарихынан» «Кел, балалар,оқылық!» «Білімнің қара шаңырағы» «Қылқалам-өмір» «Өнердің қайталанбас өр тұлғасы» Материал 7 «ХІХ-ХХғғ ас -үй бұйымдары» «Тарихи сабақтастық» Тарих – ақша баламасында «Ауған ақиқаты» «Қазақтың тұңғыш заңгері» «Тұғыры биік тұлға» «Жауһар жәдігерлер» Мы победу приближали как могли Презентация выставки Выставка Муратбека Жоламана Муратбек Жоламан «Жазықсыз жапа шеккендер...» «Тарих.Тағылым. Тағзым» «Уақыт қозғалысы- сағаттарда» «Өшпесін мәңгі өзіңнің Өнерде жаққан шырағың... » «Астана-Елбасының ерлігі» «Жүрегімнің түбіне терең бойла... » «Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы... » «Мен қазақпын...» « Әнші Әлемі» «Тарихи Орал»
Музейное событие
Вопрос - Ответ
Гостевая книга

«Халық өнері - асыл қазына» -атты
ұсталық дәстүрлі қолөнер туындыларына арналған
көрменің ғылыми концепциясы.

Әрбір азаматтың ата –тегін, елінің тарихын, ана тілін білуі, ұлтын сүюі қасиетті парызы , ал ұлтының әдет – ғұрпын , салт – дәстүрін , мәдениетін , өнерін  өмір  бойы  сақтап , ұстануы , дамытуы ата – баба рухы алдындағы мәңгілік борышы  мен міндеті.
Кеткеніміз оралып, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанған тәуелсіздік  шапағаты төгілген осынау кезеңде, егемендігіміздің  еңселі  жылдарының   жарқын  бір  жемісі – мемлекеттік «Мәдени мұра»  бағдарламасының   жасалып, жүзеге  аса  бастауы.  Оның  мақсаты – халқымыздың  бірегей  ұлттық  мәдениет ,  мәдени  құндылықтарын  іздеп , тауып , зерттеп  әлемге  әйгілеу.   Осыған орай аталмыш  бағдарлама аясында     қазақтың  ұмытылып ,  назардан  тыс  қалыңқырап   бара жатқан  киелі де бірегей   ұсталық  кәсіп, зергерлік   өнерін  қайта  тірілту , дамыту    бағытында  ізденістер ,  зерттеу  жұмыстары   жүргізілуде.
Өткен ғасырда  өмір  сүрген  қазақ  ұсталары мен  зергерлерінің  мұраларын  іздеп  табу , оны   келер  ұрпаққа  жеткізу, насихаттау, табылған    жәдігерлерден  көрмелер  жабдықтау  жұмыстары  жүзеге  асырылып, ел  назарына ұсынылуда.

Ұлы дала төсінде соңғы үш мың жыл бойы салтанат құрған көшпелі өмір  салтының  ең  соңғы  мұрагері  қазақ  халқы. Содан  болар, көшпелі қазақтың  материалдық  және  рухани  мәдениеті  тікелей  байырғы салтпен шендесіп  жатыр. Қазақ  даласынан  табылған  Андронов  заманындағы археологиялық  олжалардың  ішінде  қолөнердің  құрал – жабдықтары   мол  ұшырасады.  Әсіресе  тастан, металдан  жасалған  ұршық  бастары, жауынгерлердің үстіндегі  асыл  металдан   дайындалған  киім  мен  қару – жарақтар   көшпелілер  арасындағы  орныққан  өндіріс деңгейі  мен  өнер  үрдісін  айқын  аңғартады. Облыс аумағынан  архелогиялық қазбалар нәтижесінде  табылған  алтын , күміс , қола , темірден соғылған  өте  құнды  тұтыну  бұйымдары, ат әбзелдері, қару – жарақтар  сапасы  мен  жасалу  шеберлігі  көпшілікті таңдандыруда .Ат әбзелдерінің осындай құнды бұйымдары біздің «Архелогия » залындағы  экспозициядан көрініс тапты. Мұның өзінен осыдан   мыңдаған  жылдар бұрын  өмір сүрген  ата – бабаларымыз  жер қойнауының  құпиясын аша да , оның бар асылын  пайдалана да  білгенін, тұрмысқа  қажетті тұтыну бұйымдарын, сан – алуан  әсемдік әшекейлерді, қару – жарақтарды  жасағанын байқатады.
Бұл заттар толықтай дерлік  ер адамдардың қолымен жасалған дәстүрлі қолөнер туындылары. Демек ер адамдардың қолынан шыққан қолөнер түрлері атадан балаға мұра боп қалып,   бізге дейін үзілмей жалғасып  келе жатқан  өнер.
Шығыстың озық мәдениетін мойындағысы келмейтіндер көшпелілер (сақ, ғұн, қыпшақ) бертінге дейін отырықшы болып үй салған жоқ, егіншілікпен айналыспады, олардың кейінгі ұрпақтары қазақтардың да Ресейге қосылғанға дейін мәдениеті, өнері, білім, ғылымы болмады деп қасақана тарих шындығын бұрмалап келеді. Тіпті, олар құрылысы ерекше киіз үйді біздің ата-бабаларымыздың қалай ойлап тапқанына мән бермей, оның ішінде ерте кезден-ақ небір сәнді қолөнер туындылары – үй жиһаздарының да болғанын еске алмайды.

Ал шындығында қазақтың дәстүрлі қолөнер кәсібінің  өзі іс саласына қарай әр түрлі түрге бөлінген. Мәселен, ағаш өңдеу өнеріне байланысты шеберлерді ағаш шеберлері деп аталған. Олардың өзі  шеберлердің өндіретін бұйымдарына қарап үйші, ерші, арбашы, ұста (ағаш ұстасы) деп бөлінген. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке өнер түрі болған. Мәселен, киіз үйдің сүйегі мен ішіндегі жасау-жиһаздарын (сандық, кебеже, адалбақан, келі-келсап, ыдыс-аяқ) ағаштан жасайтын шеберлер үйші деп аталған. Кейбір қалаға жақын отырықшы жерлерде, әсіресе ағашы мол жерлерде киіз үй сүйегін жасаушылардың өзі керегеші, уықшы, шаңырақшы деп аталатын мамандықтарға бөлінген. Үйшілер ісі ағаш өңдеу өнерінің ішіндегі аса іскерлік пен қыруар еңбекті, талғамды қажет ететін өнер болған. Киіз үй сүйегі, яғни керегесі мен уықтары көбінесе өзен жағасында өсетін әр түрлі талдан жасалған. Әдетте қайыңнан жасалатын үйлердің көлемі үлкен болуымен қатар оның сүйегі де салмақты және өте берік болған. Киіз үй сүйегіне жарайтын ағашты көбінесе үйшілердің өздері ерте көктемнен бастап әзірлеп, кемінде бес-алты ай,кейде жыл бойы көлеңкеде кептіріп отырған. Ағаштың ұзындығы мен жуандығы керегеге-уық жасауға жарамды болуы қажет, ал олардың қисықтығына онша мән берілмеген. Ал шаңырақ үшін дайындалатын қайың мүмкіндігінше түзу, бұтақсыз болуы қажет болған. Үйшіге  қажетті жабдықтар: тез, жоңғы, балта, қашау, қол ара,ою пышақ, үскі сияқты саймандармен  бірге кереге, уық, шаңырақ жасауға арналған қалыптар мен  кепекен ағашты жібітуга арналған қоз, мор атанатын «ыстық пештердің» де болуы аса қажет.
Киіз үй сүйегінің ең күрделісі де, қыруар еңбекті қажет ететіні де  кереге болғандықтан, үйші ең алдымен кереге сағаналарын дайындауға кіріседі. Ең алдымен ағаштың қисық жерлерін тезге салып, түзетіп алады.Одан соң ағаштың жуан басының екі жағын түзу жоңғымен тегістейді. Содан соң кереге сағаналарының ұзына бойын түгелдей қуыс не ойыс жоңғымен жұмырлай жонады. Керегенің бір жағын біртіңдеп ішке тартып, төменгі ұшын тіп-тік етіп жасайды. Мұның өзі киіз үй сүйегінің орнықты және берік болуының басты шарты. Мүсінделген кереге көлеңкеге қойылып кептіріледі. Содан соң 42 шыбықтан тұратын кереге ағаштары бір-біріне біріктірілген. Бұл қанат деп аталған.
Әдетте киіз үйдің ең көп тараған негізгі түрі-алты қанат үй. Алты қанат үй дегеніміз-алты керегелі үй деген сөз. Сонда үйдің үлкен кішілігі оның қанат санына байланысты. Қанат санына қарай кереге бастарының саны, кереге басына қарай  уық саны әр түрлі болып келеді.  Мұнымен бірге кереге көздерінің үлкен кішілігіне қарай тор көз кереге(жұдырық сиятындай), жел көз кереге ( қос жұдырық сиятындай) деп бөлінеді.
Этнографиялық деректердің көрсетуі бойынша әлеуметтік жоғары топ өкілдері киіз үйдің кереге, уықтарын сырлап қоюды місе тұтпаған. Олар керегенің бастарын, уықтың алақаны мен қаламдарын күмістетіп, сүйектетіп, қалайылатып та әшекейлейтін болған. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Бөкей ордасының ханы Жәңгір осындай қымбат үйді бірінші Николай патшаға сыйға тартқан.Сондықтан кереге халық тілінде күміс шапқан кереге, сүйекті кереге, қалайылаған кереге, қорғасындаған кереге деп аталған. Киіз үй сүйектерін металмен және асыл тастармен безендірілгенін және осылай әшекейлеу қатардағы киіз үй емес, орда аталатын ерекше үйлерге тән екендігінен мәдениеттанымдық дерек береді.
Киіз үйдің жасау-жиһаздарының бірі- тамақ, азық-түлік салу үшін әшекейлеп, оюлап жасайтын ағаш сандық – кебеже. Кебеженің халық тұрмысындағы көшіп-қону кезінде түрлі зат салуға арналған көш кебеже деген түрі де болған. Кебеже-кімге болса да өте қажет бұйым. Сондықтан ағаш ұсталары оны, көбінесе, ешкімнің тапсыруынсыз көптеп жасап, шетінен алушыға сата береді екен.Орта есеппен кебеженің ұзындығы 70-90см, биіктігі-40-50, ені 40-45 см шамасында  жасалған. Кебеженің төрт қабырғасы, түбі мен қақпағы төрт қырлы төрт қазық арқылы біріктіріледі. Мұның бет жағын ғана әсемдейді.Кебеженің бетін оюлап, сырлап көркемдеу Қазақстанның батыс өңіріне тән.Ал кебеженің әлдеқайда үлкен түрі абажа деп аталады. Абажаға ыдыс-аяқтар мен азық-түлік сақтаған.
Ағаш шеберлері ағаштан ойып, қымызға арналған ожау, тегене, саптыаяқ, зерен, күбі, табақ, астаулар (ет салатын ағаш ыдыс), сонымен бірге бидай, тары түйетін келі мен олардың қажетті бөлшектері келсап,піспек сияқты бұйымдарды өз жерімізде өсетін ағаш түрлерінен ұқсатып жасай білген. Ағаштан ойып жасалған кішілеу ыдыс тостаған деп аталса, ас салатын жайпақ ыдыс табақ деп аталған.
Ал сыйымдылығы мол, 10-15 литр шамасында қымыз құйылатын, оны ожаумен сапырып отыруға арналған шұңғыл ағаш ыдыс – тегене деп аталған. Бұйым күмістелген темір әшекейлермен, асыл тастармен безендіріліп те жасалған. Күбіде немесе сабада әбден пісілген қымыз алдымен осындай кең де шұңғыл ыдысқа құйылып, одан әрі аяқтарға құйылып таратылатын болған. Әсіресе көпшілік болған жерде осындай жұмысты атқарушыны аяқшы деген.Тегенеге құйылған қымызды сапырып, аяқ-аяққа құю үшін ұзындау сапты ағаш ожаулар мен шөміштер қолданылады. Тамақ бергенде «сараңдық істеді» мағынасында қолданылатын шөміштен қысты фразеологизмі ыдыстың осындай түріне байланысты шыққан.
Ағаштың безінен шауып жасалған сабы бар, бақыраш тәрізді шұңғыл ыдыс саптыаяқ деп аталады. Саптыаяқ жасауға ыстық-суыққа төзімді, үйілі (кейде оны «безі» деп те атайды) берік қайың, қарағаш, үйеңкі сияқты ағаш түрі таңдалған. Алдымен, таңдап алған ағашты тұзды суға қайнатып, сәл дегдіген соң кептіріп, маймен ысқылайды, ысқылаған сайын ағаштың табиғи өрнегі ашылып, сәнді бола түседі. Көшпелі тұрмыста саптыаяқты ер адамдар әрдайым өзімен бірге беліне қыстырып, я болмаса аттың еріне байлап алып жүрген. Мәселен, малшылар саптыаяққа қой, ешкінің сүтін сауып, қыздырылған бірнеше малта тасты салып жіберіп, сүтті тез арада пісіріп алған. Бұл бар болғаны 10-20 минут уақытты алған. Қазақ халқында «сүт пісірім уақыт» деген өлшем осыдан туса керек .
Көшпелі өмір салтында, оның ішінде малшы өмірінде өндіріс құралы ретінде ер – тұрманның (ат  әбзелдері) алар орны айрықша. Қашанда шаруа адамының мінген аты бапты, киімі ыңғайлы, ер – тұрманы сайлы болса , онда оның бойынан кәсіби мәдениеттің лебі есіп, көрер көзді қуантып тұрған.
Ежелден көшіп – қонып, мал баққан қазақ халқы  үшін көліктің негізгі түрі –салт ат болды, ал соған орай, ер-тұрман жабдықтарының алатын орны да өзгеше еді. Халық басынан өткен сан қилы уақиғаларға сай мұның да өзінше даму, өзгеру процесі жүріп жатты. Мұның өзі қазақ халқының қолөнерінің қандай дәрежеде болғанын аңғартты.
Ер-тұрман көне заманнан бері көшпелі халық өмірінің заңды қажеттілігіне сай қалыптасты.Мәселен, ауқатты қазақ отбасы  өз бетімен салт жүруге жараған барлық балаларына  түгелдей ер-тұрман дайындаған. Ал, қайсыбіреулері баласы  туысымен-ақ атақты ершілер қосқан тамаша ер, сәнді тұрмандарын дайындауға қамданатын. Сондықтан, қазақ  даласының қай жерінде болмасын ер тоқым жасау  ісі кең өріс алған. Осыған орай ершілер өнері жоғары бағаланып, тәжірибелі ершілерді қысы–жазы бірдей қолдан- қолға    тигізбей ер қостырып отырған.
Қазақта ер қосу ісінің жалпы заңдылығы есебінде, ең алдымен, ердің атқа тимеуі көзделеді. Ол үшін, біріншіден, ердің оқпаны жылқының қыр арқасын, әсіресе, шоқтығын баспайтындай көтеріңкі болуы қажет; екіншіден, ердің екі қапталы дұрыс мүсінделіп, олардың екі арасының алшақтығы мен әр қапталдың ер қастарын дұрыс қиысуы қажет. Әдетте ердің алды қысыңқы болады да, арты енділеу келіп, екі қапталдың алдыңғы басы жоғары қарай сәл ғана шалыстау шабылады.  Осы көрсетілген ортақ заңдылықтарды бұлжытпай орындау үшін тәжірибелі қазақ ершілері ер қосуға арнайы жасалған қалыпты кеңінен пайдаланған.Сондықтан,олардың ерлері атқа да, адамға да жайлы болады.
Қазақстанның жері өте үлкен, халқы сирек қоныстанғандықтан, қазақ  өмірінің қай саласында болсын айтарлықтай жергілікті ерекшеліктер қалыптасқан. Мұндай жергілікті ерекшеліктер ертұрмандарынан  да байқалады. Бұлардың бір-бірінен негізгі айырмасы-олардың жсалу тәсілі мен сыртқы көрінісінде. Осы ерекшеліктеріне қарай: «қазақ ері», «шошақ бас ер», «үйрек бас ер»,  «қан бас ер» деген атаулар да қалыптасқан. Бұлардың ішіндегі ел арасына  кең тарап,Қазақстанның көптеген аймақтарын қамтитыны-қазақ ері.
Қазақ ері қайыңнан шабылып, екі қас, екі қаптал және орта ағаш деп аталатын бөлшектерден қосылады.Ердің орта ағашы мен екі қапталына қайыңның бұтақсыз түзу кесінділері, ал екі қасына, көбінесе жуандау қайыңның екі айырланған тұсы қолданылады. Бұл үшін бірнеше қайың кесіндісінің қабығын аршып кептіреді немесе шірімеген қайың түптерін топырағынан арылтып, арамен кескілейді. Біраз уақыт жел қағып, дегдігеннен кейін дайындалған кесінділердің барлығын балтамен немесе салмақтылау шотпен жеңілдетіп алып кептіреді.Ер бөлшектері әбден нобайланып шабылып, тек өңдеу жұмыстары қалған уақытта бір қазан тұзды суға бие сауым уақыт қайнатады да, көлеңкеде кептіреді. Ершілердің айтуынша, тұзды  суға қайнатылған ағаш ешқашан жарылмайды, қаңсымайды.Ердің барлық бөлшектері өңделіп, дайын болған соң,оларды арнайы қапқа салып қиыстырады да,  қас етектері мен қапталдардың  астасатын тұстарын қуысқұлақпен тесіп ,шегелейді Шегені әдетте қаңылтырдан немесе жезден түтікше тәріздендіріп жасайды. Сөйтіп қазақ ерінің жалпы қосылу техникасынан жергілікті өзгешеліктер байқалмайды. Бірақ оның сыртқы пішіні мен әшекейлеу тәсілінде айтарлықтай ерекшеліктер бар. Бұл ерекшеліктер әр жерде қалыптасқан ердің жалпы  кескіні мен әшекейлеу тәсілінен байқалады.
Қазақстанның қай облысында болмасын әйелге арналған ер өзінің үлкендігімен де, әдемілігімен де көзге түседі. Әйел ерінің сүйегі ауыр, әшекейі де мол болады.Мұндай ер-тұрмандарға, негізінен алтын, күміс, асыл тас, сүйек,мүйіз,былғары, шұға және барқыт пайдаланылған. Мұндай ердің сыртқы пішініне келетін болсақ алдыңғы қасы өте биік, артқы қасы жалпақ келеді.Әрі әйелге арналған ердің алдыңғы және артқы беті түгелдей күміс шабылған темір пластинкалармен немесе қақталған күміс әшекейлермен безендіріледі.
Еркектерге арналған қазақ ерлерінің сүйегі жұқа және ықшам болатындықтан,олар өте жеңіл келеді.Күміс әшекейлері тым шағын, бірақ өте ұнамды болады. Еркек ерлерін әшекейлеуге мүйіз бен сүйек жиі қолданылады.  Мұндай заттарды алдын ала дайындап алып, бетіне сан түрлі өрнектер жүргізіп, көбінесе ердің қасына ойып орнатады. Сүйек әшекейлері орнатылатын ерлер мүйіз түсін ашатындай басқа түсті бояумен болады. Бұлай жасалған ерлер өте сыпайылығымен көз тартады. Бұл туралы өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ даласын көп аралаған генерал А.К. Гейнс те атап көрсеткен еді.
Ал енді, өзінің сыртқы пішіні жағынан аздап болса да ерекшелеу қазақ ерінің бір түрі – «Шошақбас ер» деп аталады. Қазақтың басқа ерлерінен мұның негізгі айырмасы атауынан  - ақ көрініп тұр. Дегенмен, мұның жасалу тәсілінде жалпы қазақ ерлерімен кейбір ортақтық байқалады. Көпшілік жағдайда мұндай ерлердің сырты ешбір басқа затпен берік болу үшін қапталмайды. Тек қана ерді сәндеу мақсатымен оның алдыңғы қасының  айнала шеттерін күміс, жез сияқты металдармен көмкереді, ал қалақ тәрізденіп шабылған ер басының ортасына күмістен, сүйектен, мүйізден жасалған әр түрлі шағын әшекейлер орнатылады. Бұлар болмаған күнде шылбыр өткізіп қоятын шығыршық қағылады. Мұндай ерлердің үстіне былғарыдан немесе киізден көпшік шегеленеді де, алды – арты көк, қара бояулармен боялады.
Қазақ халқының тағы бір ердің түрі – «Құранды ер» деп аталады. Ердің бұл түрі бірнеше бөлек ағаштардан қосылады, сондықтан ол құранды ер атанған. Ауыл арасындағы қазақ ершілері құранды ерді 18 - 20 бөлек ағаш кесінділерінен  құрастырғаны байқалынады. Құранды ер жасау үшін  терек, жиде, тал сияқты жұмсақ әрі мықты ағаш қолданылады. Мұндай ағаштарға желім де тез сіңіп, жақсы желімденеді. Әдетте, мұндай ердің толып жатқан бөлшектерін бір-бірімен біріктіру үшін олардың астасатын жерлерін алдын ала мұқият тегістеп алып, содан кейін  желім жағады, біраз дегдігеннен соң желімді тағы да қайта жағып біріктіреді.Осылайша  желімделген бөлшектерін әбден кепкенше ауыр затпен бастырып немесе арнаулы қысқаш пен қыстырып қояды. Құранды ер жасауда негізгі материалдардың бірі – желім.  Қазақ ершілері желімді сатып алумен бірге өздері де жасай білген. Сән іздеген серілер құранды ердің сыртын қалың былғарымен қаптатып, алдыңғы қастың бетін түрлі әшекейлермен безендірген.Мұндай ерлер құйма күміс бейнелермен, күмістелген оюлы темір әшекейлермен  және түсті тастардан не күмістен көз орнату тәсілдермен де көркемделген. Құранды ердің сүйегі өте жеңіл, сыртқы формасы тым сыпайы – атқа да, адамға да жайлы болады. Сондықтан, Қазақстанның кейбір аудандарында  құранды ерлерді «әйел ері» деп, әйелдерге арнайды.
Шамасы келген ауқаттылар ерлердің  сыртын былғары, мүйіз, сүйек, темір және  күміс әшекейлермен көркемдеткен. Сәндеудің ең оңайы да, арзаны да ердің сыртын түгелдей түсті  былғарымен қаптау әдісі болған. Ал, мүйіз, сүйек, күміс әшекейлерімен ердің алды-арты ғана әшекейленеді.
Ер – тұрманның құрамына  ердің жеке басынан басқа тоқым, желдік, терлік, жүген,үзеңгі шідер сияқты заттар да  қосылады. Осылардың бәрін халық күнделікті  өмірде ер-тұрмандары демей, ер-тоқым  деп атайды.
Көпшілік халық тоқымды киізден сырып жасайды. Кейде киіз тоқымының айнала жиегін шұға және барқыт сияқты қымбат маталармен көмкеріп, тоқымның сыртын түгелдей қалың былғары мен жабады. Сырма тоқым мен көмкерілген тоқымдар, көбінесе, әйелдер қолынан шығады, ал былғары тоқымды шебер ершілер ғана жасайды.Тоқымның көлемі де, пішілу кескіні де әр түрлі болады. Әйелдерге арналған ер тоқымдары көлемді болады, жақсы көркемделеді. Ал, ер адамдарға арналған ер-тоқымдары көлемі жағынан ықшамдау келеді, әжептәуір әсемделеді. Киіз тоқымдарды да түрлі ою-өрнектермен әдемілеп сыриды. Былғары тоқымдарға сан түрлі тәсілдермен жүргізілетін ою-өрнектерге  қоса күміс әшекейлер де қолданылады. Өткен ғасырда тоқымды ылғи тұтас және қалың былғарымен тыстайтындықтан,олардың бетіне бедерлі ою-өрнектер жүргізу тәсілі жиі қоданылатын болған. Бедерлі өрнекті, көбінесе, арнаулы ағаш қалыптар арқылы түсіреді. Бұл үшін бедерлі өрнегі бар ағаш қалыптасып дегдігенше, қозғамай қоя тұрады. Бұдан соң тоқымға түскен бедерлі өрнектердің айнала жиектерін пышақ  тәрізденген мүйіз аспаппен  сызып,айқындай түседі. Кейде өрнек айналасын тарамыспен қайып тігеді. Мұндай бедерлі өрнек келе-келе жойылып кетпес үшін, былғарының теріс жағынан ойыстарына толтыра желім құйып кептіреді де, киізбен астарлап тігіп тастайды. Жұқа былғарыдан жасалатын тоқымдарға бедерлі ою-өрнектер түсірілмеген. Сондықтан, жұмсақ және жұқа былғарымен тысталған тоқымның  бетіне  басқа түсті былғарыдан дайындалған оюларды  жапсырып немесе сызылған өрнек ізін тарамыспен қаю, немесе түсті жіптермен кестелі өрнек тігу тәсілдері жиі қолданылған. Бұған қосымша әр түрлі күміс құймалармен де көркемделген.
Үзеңгі темірден, қоладан және ағаштан жасалады. Ағаш үзеңгіні тек қайыңнан ғана иіп жасайды да, үзеңгі бау өткізетін жерден екі басы қосылып шегеленеді. Кейде мұндай үзеңгілерді мықтылық үшін темірмен құрсаулайды. Темір құрсаудың бетін күміспен әшекелейді. Ағаш үзеңгіні қыстыгүні қолданады, өйткені қатты аяздарда темір үзеңгі адамның аяғына да, атқа да жайлы тимейді. Қыстыгүні жылқы күзетіне баратын жылқышылар ағаш үзеңгілерді көбірек пайдаланады.Үзеңгіні  қоладан сирек жасайды. Оның өзінде арнайы қалыпқа құю арқылы жасаған. Темір үзеңгі сом темірден тұтас соғылады, оның табаны ғана бөлек жасалып қондырылады. Ал, кейбір ұсталар  үзеңгінің ішін қуыстап соғып алады да, сыртын толығынан күміспен безендірген. Күмістелген үзеңгінің сыртына әр түрлі өрнектерді сан алуан тәсілдермен түсіріп отырған. Бірде күміс бетіне нағыз қарала жүргізілсе, екіншіде өрнекті темір бетіне шабылған күмістен ойып алып, жалған қарала жасалатын, яғни темірдің табиғи реңі қарала тәрізденіп көрінеді. Көпшілік жағдайда темір үзеңгіні ешбір өрнексіз, сол қалпында таға береді.
Өмілдірік -  сән үшін тағылатындықтан,  қалың былғарыдан жасалып, мол әшекейленеді. Өмілдіріктің екі ұшы ердің алдыңғы қасының екі жағына бекітіліп, ортасы аттың омырауында тұрады. Өмілдірік ердің кейін сырғымауына да өз септігін тигізеді.
Арбаға жегілген көлікті бағыттап, жүргізіп отыруға арналған ұзын қайыс бауды делбе дейді. Ал делбе қақты тіркесі тура мағынасында “делбемен атты айдады, қамшылады” дегенді білдіреді.
Салт ат тұрмандарының құрамына қамшы да кіреді. Мұны кейде ат жүргіш деп те атайды.Қамшы өрімі ірі қараның терісінен илеген қайыс таспалардан өріліп жасалған. Оны әр түрлі етіп өру үшін таспа санын 4-тен 32-ге  дейін өзгертіп отырады. Таспа саны аз болса, өрімге өзек салынбайды, өрім жіңішке, төрт қырлы болып өріледі. Ал, көп таспадан өрілетін өрімге қайыстан өзек салынса, өрім өте әдемі және жуан болып шығады. Өзекті қамшы арнайы жасалған аспаппен өріледі. Ол үшін садақ тәрізденіп иілген ағашқа өзекті керіп қойып, оның сыртынан әр түрлі тәсілмен таңдайлап өре береді. Кейде қамшының өріміне қоса, оның сабын да таспадан өріп шығарады. Мұндай қамшылар, әдетте, ұшынан сабына қарай жуандай береді де, сабына темірден өзек салынады. Сап пен өрімнің ұштасатын жерінен шашақ шығарады.
Байырғы тұрмыста бұйым жасауға материал ретінде қолданылатын ағаш, тас, сүйек, тері, алтын, күміс, темір, қорғасын т.б. бәрі де шеберлер қолымен өңделіп, әрбір материал түрінен сан алуан бұйым түрлері жасалған. Материал түрі көп болмағанмен, олардан жасалған зат түрлері ондап, жүздеп саналады. Материалдың сапасына қарай қатты-жұмсақ, төзімді-төзімсіз т.б. түрлері болған.
Қазақ қолөнерінің белгілі бір түрімен немесе бірнеше түрімен қатар айналысқан, темірді балшықша илеп , одан түйін түйетін  шеберлердің   атын  атамай  «Ұста» деп атаған.   Ұсталар, негізінде, ағашпен, темірмен, ішінара таспен  де жұмыс істеген. Соған байланысты ел ішінде оларды ағаш ұстасы, темір ұстасы деп аталған. Темір өңдеп, зат жасайтын шеберлерді қара ұста, ал, алтын-күміспен, асыл тастармен жұмыс істейтін шеберлерді ақ ұста деп ажыратып айту да болған. Ұсталық  өнер  көшпелілер  өмірінде маңызды  кәсіп  түрінде  ертеден – ақ  пайда болып,  қалыптасып , дамыған. Мұның өзі көшпелілердің өмірінде   қару – жарақ , ер – тұрман , үй мүліктерінің алуан түрлерінің дүниеге  келуіне  себепші  болды.  Жалпы,  ұсталық  кәсіпті  түркі  тектес  халықтар  «киелі  өнер»  деп  санаған .  «Ұста -  елден ерекше , жоғары  тәңірілік  күшке ие  адам» - деген ұғым қалыптасқан. Ұстаның  жұмыс орны  «ұстахана» немесе «дүкен» деп аталған. Ұстахананы  «қасиетті  орын»- деп түсініп  оған  сыйынып, табынатын  болған. Ұстаның   еңбек  құралдары – көрік , төс , балға , қысқаш , көсеу , қашау , шапқы , тескіш , кескіш , бұрғы , түрпі , әртүрлі  кескіндегі қалыптар,  металл балқытатын  ожау , т , б . Оларды  ерекше  қастерлеп  күтіп  ұстаған. Ұста  ағаш, көмір, сексеуіл шоғы  арқылы темірді қыздырып, балқытып алған соң,  соғып, құйып  қажетті  заттарды  жасай білген. Қаралау, бұрау, түйіндеу, қалыптау, ширатпалау,  шегендеу,  алтынмен  аптап,  күміспен  күптеу  тәсілдерін меңгерген.  Күнi кешеге дейiн ұсталарға ерекше құрмет көрсетiп, төрден орын берген. Адамдар ұсталық дүкендерге кiргенде төске, көрiкке тәуiп етiп, ұстаның батасын алып отырған. Көрiктегi темiрмен ауру-сырқауларды аластап, ұста дүкенiнде түрлі ырым-жоралғылар жасаған.
Халықтың санасында ұсталардың өнерi жаратылыстан тыс құпия күштермен байланысты деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан да ұста жұмысын бастар алдында «менiң қолым емес, тәңiрiмнiң қолы» дейтiн болған. Мұндағы «мен» дегенi пендешiлiктен арылуы, бүкiл ақыл ойын, күш жiгерiн, жаратылыс болмысын бiр тәңiрден алған сыйы ретiнде қарап, соған мойынсұнуы. Көне түрiктер кезiнде жаңадан сайланған қаған ел билiгiн бастар алдында алдымен ұста дүкенiне кiрiп, көрiктегi қызған темiрдi төске қойып, оны балғамен соғып, iс бастайтын дәстүр болған. Қазақ мемлекетi құрылғаннан берi ұсталық өнер аса жоғары бағаланып, орасан кең байтақ өлкенi қолда ұстап, оған ие болу үшiн ұсталық өнердiң маңызы зор еді.Солардың ішінде ерте заманнан қару-жарақ  соғатын шеберлердiң   бедел мәртебесi биiк болған.
Қазақтар көршi елдермен жан-жақты байланыстың негiзiнде өздерiнiң әскери iсi мен қару жарағын үнемi жетiлдiрiп отырды. Бұл өз елiнiң бейбiт өмiр сүруi мен қауiпсiздiгi үшiн қажет болды. Қазақ халқының дәстүрлi ұсталық өнерiнiң сонау ықылым заманнан бүгінгі күнге дейін жетуi – ұста бабаларымыздың теңдесi жоқ өнерi мен тәжiрибесiнiң нәтижесi. Қазақ ұсталары темiрдiң барлық құпиясын жете бiлдi. Уақыт өте келе олардың шеберлiгi шешiмiн таппас жұмбақ құпияға айналды.
ХҮІІІ ғасырдан бастап қазақ  ұсталары қару – жарақ  жасауды  да  зор қарқынмен  қолға  ала   бастаған . Қылыш , айбалта , найзаның , жебенің ұштарын  соғып , білтелі мылтықтар құйған .   Қару – жарақ жасайтын  ұсталар аса құрметке ие болған . Ұсталар  бұл  кәсіптің  сыр- қырын  аса  құпия  ұстап , тек  өз  ұрпақтарына  ғана үйретіп, атадан – балаға  мұра   етіп  қалдырып  отырған
Қазақ қаруларының толық тiзiмiн алғаш жасаған – даңқты ғалымымыз Шоқан Уәлиханов. Қазақ эпостарында қару-жарақ айқын да нақты бейнеленiп, жауынгердiң жан серiгi ретiнде суреттеледi. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларында, М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында бағалы ақпарат, деректер бар.
Қару-жарақ қоғамның даму деңгейіне, көшпелі тұрмыс ерекшелігіне сәйкес дамыған. Ол көрші халықтар мәдениеті, сыртқы елдермен жасасқан сауда-саттық, жаугершілікке қатысты әрдайым өзгеріп отырған. Қазақ халқы қару-жарақ түрлерін жетілдіру мен дамытуда өзіндік ұлттық ерекшеліктерін сақтаған. Ең әуелі қаруға жалпақ тілмен ат қойылған. Ол қаруларға қазақтың ұлттық ою-өрнектерін қалыптау, зерлеу, күмістеу, соқпалау, термелеу, орамалау, құю, шеку, өру, қақтау, кіріктіру,  дәнекерлеу әдістерімен бастырмалатып жасалған.
Қолға ұстап қоданылатын қорғаныс жарағы- қалқан байырғы көшпелі халықтарда б.з.дейінгі I-мыңжылдықта қолданыла бастаған.Жасалған материалына қарай сақ қалқандарын негізгі екі топқа бөлуге болады: талдың шыбықтарынан және ағаш тақталардан жасалған қалқандар. Қалқан шыбықтарының терінің арасынан шығып тұратын тұстары түрлі түске боялып әшекейленіп, қалқанның сыртынан геометриялық өрнек құрап тұрады. Қалқандардың сырты оймалау тәсілімен жасалған,тал қалқандардың өрнегіне ұқсас геометриялық өрнекпен әшекейленген.Тал қалқандардың да, ағаш қалқандардың да ортасында қолға ұстауға арналған қайысбау бекітілген,яғни сақ жауынгерлері қалқандарды скифтер сияқты жұдырықта ұстап қолданған.
Денеге киілетін қорғаныс жарақтарының  барлық түрі- кеудені қорғайтын сауыттар, басты қорғайтын жауынгерлік  бас киімдер, аяқ-қолды қорғайтын жарақтар- қазақтарда ер киімі деген жалпы  терминмен аталады, яғни жауынгерлік киім деген сөз. Бұрынғы уақытта қазақтарға денеге киілетін жауынгерлік киім атауының- сауыт сөзінің синонимі ретінде тон сөзі де (киімнің ескі түркі тіліндегі атауы) қолданылды. Сол себепті темір сауытты қазақтар темір тон, ал кіреуке сауытты кіреуке тон деп те атаған.
Жазба және бейнелік дерек көздері шығыршықты сауыттарды қазақтар Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы кезеңінде-ақ кең қолданғанын куәләйді. Оны ауыз әдебиетінің мәліметтері де дәлелдейді. VI-VII ғасырларда көшпелі халықтарда қолданыста болған кесу қаруының бір түрі- қайқы қылыштар. Олар ерекше берiк болаттан жасалған. Қазақтың халық эпосында алмас қылыш атанған. Олардың қынабы мен сабына қымбат тастар орнатылып, қынаптары түрлі бедерлермен, мысалы, қыран бүркiттiң бас тұлғасымен безендiрiлген. Қара, немесе қызыл былғарыдан жасалған қынабы күмiспен не қоламен көмкерiліп, алуан бедерлер салынған. Орта ғасырларда ең мықты қару саналған сапы және сабы алтыннан құйылған түзу селебе мен семсер болды. Ұзын сапы және мүйiз сапты, қыны алтын, күмiспен қапталған қанжар, сондай-ақ, өткiр жүздi айбалта. Керек болған жағдайда қамшы қару есебінде де пайдаланылған. Сондықтан, Ш.Уәлиханов қамшыны қазақтың ертедегі қару-жарақ жабдықтарының қатарына қосады. Қару есебінде жасалатын қамшының сабы салмақты, өрімі жуан не ұзын болған. Кейде өрімге темір талшығынан өзек салып та дайындаған.
Қазақтар садақты ертеден пайдаланған. Олардың жебелерi де әртүрлi болды, мысалы, төрт қырлы жебе (ол кез келген сауытты тесiп өтетiн болған). Сондай-ақ, құлан аулауға үш қырлы және айыр ұшты жебелер пайдаланылған. Жебе ұшының формасына келетін болсақ, VIII ғасырдағы жебелер үшбұрыш немесе трапеция пішінді үш тілімді,үш және төрт қырлы болып жасалды.Кейде жебе ұштарында ұшқанда дыбыс шығаратын дөнгелек тесіктер жасалып немесе жетесінің түбінде тесіктері бар сүйек ысқырғыштар орнатылған.
Түркі заманынан бастап жебе салынатын қылшан аузы ашық қысқа футляр түрінде жасалған. Қылшандар  немесе қорамсақ  көбіне цилиндр формалы болып, бір немесе екі-үш қабат қайың қабығынан жасалған. Олардың аузы жіңішке, ашық болып келіп, жебесі жоғары қаратылып салынатындықтан, оқтардың қанаттары мыжылмас үшін қылшан түбіне қарай  кеңейтілген..Белдікке ілу үшін қылшанның ауыз тұсында темірден немесе сүйектен жасалған ілгек орнатылды да,оған металл құрсаулар мен темір доға бастары бар қайыс баулар тағылды. Кейде тоз қылшандар сыртынан темірмен қапталып, қызыл немесе қара түске боялды.
Бастары қысқа кесу құралдары- қанжар мен пышақ көмекші қаруларға жатады. Қанжар- басы қысқа, екі немесе бір жүзді кесу, сұгу арқылы жарақат салатын суық қару. Қазақтарда осындай қанжарларға ұқсас кесу қаруының бір үлгісі, Ш.Уалихановтың айтуынша, «селебе» деп аталған. Қанжарды арнаулы қынына салып, белге іліп жүреді. Қанжар қындары ағаштан жасалып, терімен қапталады.      
Алтын-күміспен, жез үзбелермен безеп жасалған қалталы белбеу кісе деп аталады. Кісенің қын, қынап (пышақ, қанжар, қылыш салынады), қорамсақ (садақ оғы салынады), оқшантай (оқ-дәрі салынады), қандауыр (қан шығаратын үшкір пышақ), дәндәку (шақпақ тас, от тұтатуға арналған білте т.б. салынатын шағын қалта) тәрізді құрамдас бөлшектері болады. Кісенің осындай бөлшектерінен оның ертеде батырлардың, аңшылардың сапар шеккен жолаушылардың әмбебап бұйымы болғаны, ер адамдарға арналған бұйым екендігі көрінеді. «Кісі болар бала кісесінен белгі» деген мақал да кісенің ер адамдар үшін қаншалықты маңызды болғанын аңғартады.
Кісенің тіліміздегі алғашқы мағынасы – «қалта». Алайда бұл мағына тілімізде ұмыт бола бастады. «Белбеуге тағатын қалта» мағынасындағы кісе сөзі ақын-жазушылар шығармаларында ғана кездеседі:
- «Базаралы үлкен кісесі бар күміс белдігін белінен шешті» (М.Әуезов, Шығ.).
Түркі тілдерінің біразында кісе - «белбеудің қалтасы», «дорбасы», «киімнің қалтасы» мағынасында жұмсалады.  Бұрынғы тұрмыста кісені адамдар қиыншылық көргенде, тәңірге жалбарынғанда белден шешіп, мойнына салатын болған. Мұндай этномәдени дерек халық ауыз әдебиетінің үлгілерінде ұшырасады:
- «Ақбоз атты шалғанда,  Мойнына кісе салғанда,  Баба түкті шашты абыз Сауап бата алғанда» (ХV – ХVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы, 109-б.).
Ертеде біреудің қазасын естіртуге барған жігіт ағасы адам да кісе белдікті белінен шешіп, мойнына салып алған. Сонымен, мойынға кісе салу басқа түскен ауыртпалықтың, қиыншылықтың белгісі болған. Ол тілімізде мойнына кісе (кісесін) салды, кісесі мойнында тәрізді фразеологизмдерде сақталып қалды.
ХIХ ғасырдан бастап қазақ халқының тұрмыс-салтының өзгеруіне байланысты кісеге қалта салмай, алтын-күміспен әшекейлеп жасайтын болды. Сондықтан оның байырғы мағынасы мен атқарған қызметі, ол туралы мәдени ақпараттар бірте-бірте көмескілене бастады.
Халық  ұсталарының   қолынан шыққан  осы  бір өнер  туындылары  сан алуан қырымен,  жасалу  шеберлігімен , құндылығымен  қазақ  халқының  ұлттық  байлығын , ұсталық , зергерлік  кәсібінің  бірегей  , ерекше  дәстүрін көрсетеді..
Әдетте ұстаханада бір не бірнеше адам жұмыс жасаған. Кейбір ұсталардың  бірнеше шәкірттері болған. Шәкірттер жұмыс тәсілін айлап-жылдап үйреніп отырған. Олардың жұмысты меңгеру дәрежесі әртүрлі болды. Ертеде ұста жұмысын шәкірттеріне тапсырғанда, бір жаққа жүрерде олардың тәжірибелі біреуіне дүкенге қол болыңыз деген. Бұл «дүкенге басшылық жасаңыз, бас-көз болыңыз» дегенді білдірген.Ежелден дүкен құрып, іске кірісер алдында ұсталар мен зергерлердің бір мал сойып, ауыл-аймағын, көршілерін шақырып, ас беру, сыйлау салтын жасаған. Мұны дүкен майлау деп атаған. Бұл әдет діни ұғымға байланысты пайда болған. Ертеде қар кетіп, күн жылынғанда ұста, зергерлер дүкен құрған күні мал сойып, дүкен иесі Дәуіт пайғамбарға бағыштап дұға оқып, ырым жасайтын болған. Малдың қанын дүкендегі құрал-жабдықтарға жағып шыққан. Осы салт халық арасында дүкен майлау деп аталған. Мұндай әдет басқа түркі халықтарында да кездеседі. Халық түсінігінде дүкен – қасиетті орын. Сондықтан онда жұмыс істейтін ұсталар да қасиетті саналған. Ұста, зергерлер кейбір жағдайларда өз бұйымдарын есікті жауып алып, ешкімге көрсетпей жасаған. Өйткені олар жасап жатқан затты біреу-міреу көріп қойса, ол бұйым (мысалы қылыш, білезік т.б.) «киесінен, қасиетінен айырылады», «қасиеті төмендейді» деп түсінген:
- «Бекер аштың-ау! Қылыш киелі болып шықпайды енді. Жабық дүкенде соқпаған қылышта не қасиет қалсын, - деп шын ренжіп, Арыстанға жекіп, ұста балғасын былай ырғытып жіберді» (Д.Досжанов, Жусан мен гүлдер. Алматы, 1981, 22-б.).
Тұрмыстағы  орны мен осындай ұғым-түсініктерге байланысты дүкен жеті қазынаның бірі деп саналған.
Көптеген бұйымдар жасалатын темір – қатты материал болғандықтан, оны өңдеу де оңайға түспеген. Материалдың осындай қасиетіне байланысты темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін өте шебер, бармағынан бал тамған шеберлер болған.  Олар тұрмыстық заттардың түр-түрін шебер жасаған.
Қазақ ұсталарының қолынан шыққан Қазан- жеті қазынаның бірі деп есептеген. Қазанның басқа ыдыстарға қарағанда қазақ тұрмысы мен мәдениетінде алатын орнының ерекше жоғары болуы оның күнделікті тіршілік құралы болуымен байланысты. Қазақ дастарханына түсетін тағамдардың барлығы да ең алдымен осы қазаннан өтеді.  Қазанға пісірілген ас дәмді әрі жұғымды, сондықтан да болар, қазан-ұрпақ жалғасуы мен отбасы берекесінің символы болып табылады. Осыған орай зерттеушілер  былай деп тұжырымдайды. Қазан мен қара мылтықтың «қасиетті жетінің» қатарында айтылуы тегін емес. Қазақтың ертегі, жырларында алтын қазан іздеу салты туралы деректер кездеседі. Мысалы:
Сөз тыңда құлақ салып, балам, маған,
Астында дарияның алтын қазан.
Әкелсең сол қазанды ерлік қылып,
Беремін Күнсұлуды қосып саған  («Құламерген»).
Академик Ә.Марғұлан бұл сюжетке ерекше назар аударып, онда терең мазмұн жатқанын тамаша дәлелдеген: «Құламерген» жырында теңіз астынан қазан іздеу – тайпалар демократиясының бірлігін сипаттайды. Қазан-шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды. Оның үстіне қазанды қастерлеу ерте кездегі темірге табынудың бір түрі болып табылады. Тәуке ханның аңызында жолығатын «қара қазан», «қара мылтық алу» - жаудан кек қайтару белгісінің ескі түрі. Тәукенің жарғысы бойынша бұрын жауласқанда «шаңырақ», «қазан» сындырып кек алудың орнына енді оны сындырмай, жәбір көрген жаққа сол нәрселердің өзін беріп тыныштық жасаған. Халық жай ғана қазан демей, оны қара қазан деп қастерлеп айтады. Бұл жерде қара сөзі «қасиетті, киелі, берекелі» деген ұғымды білдіреді. Қазанын сындыру – отбасын ойрандаудың, қазанын төңкеру – аштықтың, масқаралаудың белгісі болған. «Жеті жарғыда» өлім жазасына бұйырылған адам жеті айып төлеп құтылса, оның біріншісі – «қара қазан төлеуі» деп аталған. Тіліміздегі  «қазаны бөлектің қамы бөлек», «қазаны басқаның қайғысы басқа», «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», «қазансыз алтын ошақтан, қара сулы мосы артық» тәрізді мақал-мәтелдер оның халық өміріндегі алатын орнын айғақтай түсіп қазанның о бастан-ақ қасиетті, киелі деген ұғымға, үлкен мәнге ие екендігін аңғартады.
Зергерлік өнер – ерте заманнан келе жатқан, әрі халыққа көп тараған сәндік және қосалқы өнердің бір түрі. Алтын, күміс, асыл тас және сүйекті пайдаланып, сән салтанат үшін әшекейлі жиһаз, қыз-келіншектердің сәндік бұйымдарымен қару-жарақ, сауыт-сайман, ер-тұрман зергерлеу өнері болған.  Алтын мен күмістен сәндік бұйымдар мен әшекей заттарын жасайтын шеберді халық зергер деп атаған.
Осынау өнердің күрделі техникалық тәсілдерін зергерлер жете меңгерген. Олар құю, соғу, шабу, шеку, керту, оймалау, зерлеу, қарайту, қақтау, қаптау, аптау түрлерінің бәрін үйлесімді қолдана білген. Сондықтан «Алтынның қадірін зергер білер» деген нақыл сөз халық арасында сақталған. Өйткені зергерлер материалдардың сапасына, өңделуіне байланысты алтынның өзін бірнеше түрге бөлген. Мәселен, бір ғана алтынның «таза алтын» деген ұғымда ши алтын, шым алтын, шымқай алтын, сап алтын, сары алтын, қызыл алтын, құйма алтын тәрізді 20-астам атауы, ал күмістің әртүрлі сапа-белгісін білдіретін жамбы, ақ жамбы, асық жамбы, жал күміс, балшабай күміс, нақыра күміс, құйма күміс т.б. тәрізді 10 – нан астам түрлері бар. Зергерлер алтын мен күміс, жез бен мысты кенінен қолданған. Солардың арасында көбірек қолданғаны күміс. Себебі күмістің тартымды, сыйқырлы қасиеті бар деп есептелінеді. Күмістің жарқыраған түсін Ай-күміс, Күміс-ай деп айға балаған. Оның тіл-көзден, түрлі сырқаттан сақтайтын, тазартатын қасиеті бар деп сенген. Сондықтан да үй шаруасындағы әйел ас қамдаса да, бала шомылдырса да қолынан күміс жүзігін алмаған. Ал мұсылман дінді ер адамдар күміс сақинаны Мұхаммед пайғамбардың жолы деп тағатын болған. Өйткені Мұхаммед пайғамбардың ер адамдарға алтын емес, күміс жүзік салыңдар деген уәжі болған.
Қазақ зергерлері негізінен түсті металлдардан сан алуан әсемдік бұйымдар жасаған. Әсіресе күмістен соғылған көптеген сәндік бұйымдар-сәукеле әшекейлері, сырға, шолпы, шекелік, алқа, өңіржиек, тұмарша, білезік, сақина, жүзік, белбеу, қапсырма, түйме, тіс шұқығыш ертеден-ақ кең тараған заттар. Сондай-ақ ерлерге арналған кемер белбеу, кісе, ер-тұрмандарының күмістелген, алтындаған әшекейлердің неше түрлісі өте әдемі жасалды. Зергер теңгелерді балқытып құю арқылы өзіне қажетті мөлшерде күміс кесектерін дайындап алатын. Оны отқа қыздырып, төс үстінде балғамен жайлап соғу арқылы әр түрлі зергерлік бұйымдар жасауға немесе күміс кесегін әбден қақтап, жұқартқан соң қиып, темір әшекейлермен бетін күмістеген. Қару-жарақ беттерін күмістеу сияқты істерімен де айналысты. Кез келген күміс бұйымдардың беттеріне әр түрлі асыл тастар мен түсті шынылар орнату тәсілін де қазақ зергерлері жиі қолданды. Сонымен қатар күміс бетіне қарала жүргізуді қазақ зергерлері ертеден білген.Әсіресе Қазақстанның батыс, солтүстік –шығыс өңірлерінде қаралау тәсіліне көп мән берілген.Күміс бұйым бетін қаралауды «қара бағдар», «қара алтын», « қарала кавказ» жүргізу деп атайтын болған. Бұлай деудің мәні, кавказ зергерлерінің әсеріне байланысты болса керек. Жазба деректерге қарағанда, Батыс Қазақстан өңіріне Кавказ зергерлерінің өнері ХІХ ғасырдың бірінші жартысында келе бастаған. Қараланы көбінесе әйелдерге арналған күміс білезік, қапсырма,сырға,жүзік т.б  үй бұйымдарын көркемдеуге жиі қолданылған.
Темірден соғылатын әр түрлі әшекей бетіне күміс шабу тәсілі қолданылған. Бұл үшін темір әшекейлер беттері өткір шапқымен өте жиі шекіленіп, оның бетіне бөлек қақталған жұқа күмісті жеңіл балғамен жайлап, кіріктіре соғу арқылы орындалады. Бұл тәсіл Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен таралған.
Сымкәптеу тәсілімен әйелдерге арналған қапсырма, шолпы, түйреуіш, білезік сияқты шағын күміс әшекейлер жасалған. Ол үшін таза ақ күмістен жіңішке сымдар арнайы қалып арқылы созылып, сол сымдардан әшекейлер жасалған. Мұндай әшекейлердің дәл ортасына асыл тастардан көз орнатылады.Бұл бұйымның орындалуы асқан шеберлікті қажет еткен. Қазақстанның батыс, оңтүстік батыс аймақтарында әйелдерге арналып жасалатын үлкен білезік, жүзік, сақина, алқа беттеріне сіркілеу тәсілімен геометриялық өрнектер жүргізу арқылы жасалған. Құйылған не қақталған күміс бетіне сірке түсіру үшін, темір қалып арқылы күмістен жіңішке сым жүргізіп созып, оны өткір пышақпен ұсақтап турайды, содан оларды тегіс бетті екі жалпақ темірдің арасына салып, айналдыра домалатудың нәтижесінде күміс кесінділерін біркелкі домалақ сіркеге айналдырады. Күміс бетіне «бура» деп аталатын ақ үгінді –дәнекер –себеді. Оның үстіне белгілі бір тәртіппен  қажетті әр түрлі өрнек жасайды.
Қазақ зергерлері  таза алтыннан білезік, сырға, сақина, жүзік соққан, сонымен қатар құю әдісімен де жасаған. Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде күміс әшекейлердің бетіне алтын жалату немесе қақталған жұқа алтынмен көркемдеу жиірек кездеседі.
Қазақ әйелдерінің киімге тағатын күміс әшекейлері мол болған. Зергерлік өнердің туындылары жауға-айбар, жақынға мақтаныш, аруға-ажар, жігітке-жігер беретін болғандықтан батырлардың ерлігіне, ақындардың тапқырлығына, жүйріктердің бәйгесіне сыйға тартылатын болған. Қазақтың қыз-келіншектерін ажарландыра түсу үшін, оларға арнап алуан түрлі әшекейлі бұйымдар жасаған. Олардың ішіндегі ең көрнекті де қымбаттысы – сәукеле. Сымбатты сәукеленің бағасы ХХ ғасырдың бас кезінде 1-2 мың сом күміс ақша немесе жүз мың жылқының құнымен бағаланған. Сәукеле- ұзатылатын қыздың үйінен киіп шығаты бас киім». Ол ұзатылатын қыз әкесінің  тапсыруы бойынша алдын-ала дайындалған. Алтын, күміс әшекейлері, гауһар-інжу тастары мол сәукелелердің құны тіпті қымбат болған.
Әйелдерге арналып соғылатын әшекейдің ең көбі-білезік. Оны қыз-келіншектер де, орта жастағы әйелдер мен үлкендер салады. Білезік көбіне не күмістен ,кейде таза алтыннан жасалған.Білезіктердің әр түрлі болуы әр тарапта  көптеген шеберлер мектебі болғандығының айғағы.Бірнеше асыл тастардан тұратын үзбелі білезіктер, бауыры топса арқылы ашылып,жабылатын  топсалы білезіктер де  шеберлердің  өнерінің бір көріністері.
Қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлердің бірі-сақиналар мен жүзіктер.Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай болған. Өйткені оның сыртына шапқымен шеку, бізбен безеу әдісімен орындалатын қарапайым ою-өрнектер жүргізілген. Ал жүзіктің бетіне әр түрлі асыл тастар, құс тұмсық орнату арқылы жасалған. Шебер ұсталар сақина мен жүзікке есімдерді де өрнектеген. Аса қадірлі жүзікке Мұхамедтің атын жазған.
Қазақстанның батысы мен оңтүстік батысында құдағи жүзік деп аталатын өте көлемді және аса сәнді жүзік жасалады. Мұның бауырында екі саусаққа бірдей кигізілетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Мұның құдағи жүзік аталу себебі                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                     оны ұзатылған қыздың енесіне, яғни құдағиларына бір жылдан соң  тарту ету үшін арнайы жасатады. . Әйелдер құдағи жүзігін көбінесе келіндеріне, не қызының біріне мұра ретінде сыйға тартқан.
Қазақ әйелдеріне арналған көркемдік бұйымның тағы бір түрі – сырға. Сырғаны көбінесе бойжеткен қыздар құлаққа тағады. Сондықтан сырғалар әсем де жеңіл жасалады. Сырғаның ай, айшықты, тұмар қозалы, салпыншақты, тас алтын, күмісті, қоңыраулы, күмбезді т.б. түрлері болған. 
Қазақ халқының тұрмысында құда болу салты айрықша орын алғандығы белгілі. Әдетте, қызды бесіктегі кезінде немесе ол бойжете бастаған кезде атастырған. Егер екі жақ балаларын бесікте жатқан кезінде атастырса, ұлдың ата-анасы қыздың бесігін кертіп белгі салған. Бұл ғұрыптың бесік кертпе деп аталғандығы белгілі. Өсе келе ол қыз бесік кертпе қыз деп аталған. Егер қыз бой жете бастаған кезде атастырылса, оның құлағына жігіт жағы сырға таққан. Бұл рәсім сырға салу, сырға тағу деп аталған. «Қалыңдық» мағынасындағы сырғалы қыз немесе сырғалы атауы осыған байланысты шыққан. Қазақ дәстүрінде  қызға тағатын сырғаның  орнына басқа да үкі сияқты қасиетті саналатын құстың бір шоқ үлпілдек қауырсыны , жүзік, білезік, тана -әдемі ақық түйме, моншақ т.б. әшекей бұйымдары қолданылған. Сондықтан қазақ тілінде «құда түсіп, сырға тағып кетті» деудің орнына «үкі тана, моншақ, тағып кетті» деп те айта берген.
Қазақтың бойжеткендері шолпы таққан. Шолпының ызған не кестелі бауға тағып, шашпен бірге өріп қойған. Жас әйелдердің көп қолданылған әсем бұйымының бірі – шаш қалта. Оны тана моншақпен безендіріп өрген шашты соған салып қояды.
Қазақ әйелінің сәндік бұйымының бір тамаша үлгісі-алқа. Оны өңіржиек деп те атайды.Алқа бір-біріне бірнеше шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады және асыл тастармен, өңді әйнектермен безендіріледі.
Мойынға тағып жүретін әшекейдің бірі-тұмарша. Оны шеберлер бұрыштап не жұмыр түтікше тәріздендіріп жасайды және мойынға іліп жүретін әсем шынжыр бау тағады. Бой тұмарды ертеде әйелдер ғана емес, еркектер де тағатын болған. Тұмар іші қуыс, әдемі былғарыдан тігіліп, ою-өрнектеліп күміс шынжырмен мойынға асып алады. Адамды пәле-жаладан, тіл-көзден сақтау үшін оның қуысына қасиетті дұғаны қағазға тығып қояды
Қапсырма  таза күмістен екі бөлек етіп жасалып, бір- бірімен ілгек арқылы жалғасады.Екі бөлігінің де сыртқы формасы да, бетіне жүргізілетін ою-өрнегі де бірдей болған.
Түймелер-ішін қуыстап, әр түрлі кескін бере күмістен жасайды, сыртына зер салады. Мұндай түймелерді торсылдақ түйме деп атайды. Шебер зергерлер бойжеткен қыздың немесе батырдың түймесін алтын, күміс, мыс т.б. металды қолданып, әшекейлеп, оюлап жасаған. Дөңгелек, үш бұрыш, төрт бұрыш түймелер істелген.
Әсіресе, кербез әйелдер алтындаған, күмістеген және оқшантайлы белбеу буынған. Оның қалай және неден істелгеніне байланысты «шығыршықты белбеу», «мақпал белбеу», «дүрия белбеу» т.б. аттары бар.  
Зергерлік шеберліктің шыңына жеткен өнер болып саналады. Кейбір зергерлер қолөнерінің бірнеше саласын қатар меңгерген. Этнографиялық еңбектерде зергерлердің әшекей бұйымдардан басқа ер-тұрман, жиһаз, музыка аспаптары мен ыдыс-аяқтарды, қару-жарақтарды әшекейлеумен бірге оларды бастан-аяқ өздері жасайтындығы атап көрсетілді. Басқаша айтқанда зергерлер ағашпен, таспен, темірмен, сүйекпен, тері өнімдерімен жұмыс істей білген әмбебеп өнер иелері болған. Алтынға байланысты халық арасында «Алтынның сынығы» – деген сөз бар. Бұл жақсы адамның ұрпағы, жақсының көзі дегенді білдіреді. Ал ат басындай алтын – көлемді, үлкен алтын, олжа; алтын дегенім мыс болды, күміс дегенім жез болды – ойдағыдай болмай шықты, алтыннан ардақты, күмістен салмақты – аса қадірлі, қымбатты (адамға байланысты) деген ұғымдарды білідретін сөздер жиі кездеседі.  
Жұмыста зергерлердің құрал-саймандары мен металл т.б. өңдеу атауларының қатысуы негізінде бірсыпыра тұрақты тіркестер қалыптастырған : қорғасындай балқыды - әбден ұйыды,  нақышына келтірді – безендірді, сәндеді; тезге салды – тәртіпке шақырды (тез- деп үйшілер мен зергерлердің ағашты белгілі бір формаға келтіруге арналған құралын атайды); қалпына келді – бұрынғы күйіне түсті-деген. Зергерлер қалыпты күйдірілген саз балшық, темір, сүйек, шойын, тас тәрізді материалдардан бір үлгіде өздері дайындап алады. Тілімізде қолданылып жүрген бір қалыпқа құйғандай, бір қалыптан таймады, қалпына түсті т.б. зергерлердің осындай құралына байланысты қалыптасқан.         Қазақ зергерлерінің ардақ тұтар мақтанышы, әсіресе, әйел затына  арналып жасалған осындай әшекейлер, асыл бұйымдар. Олар әйелдің ажарын ашып, сұлулығын паш етумен қатар діни сенім, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты маңызымен де ерекше дәріптеген.
Қазақ зергерлері өз шеберліктерін ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп жалғасып отырған. Әйел адамның әшекейлері сұлулықтың, әйел адамның қоғамдық рөлін көрсететін болған, сондай-ақ әшекейлер тылсым күшке ие болып, тұмар, рулық белгілер рөлін атқарған. Бүгінде қыз келішектерге арналған- күмістелген сәукеле, шашбау, білезік, сырға сияқты әшекей заттарға сұраныс жоғары. Жалпы қазақ зергерлік өнерінің дамуында әр дәуірдің өзіндік табы бар.
Зергерлік өнер қазақ халқының дүниетанымы мен материалдық мәдениетінің маңызды бір бөлшегі, ал зергерлердің қолынан шыққан әсемдік заттар – халқымыздың ұлттық мәдениетінің алтын қазынасына айналған асыл мұра.
Қазақ арасында ежелден бері ағаштан жасалған музыкалық аспаптардың қазіргіге дейін ең көп тарағандары домбыра.    Домбыраны көбіне шайыры аз қарағайдан жасайды. Жалпы ұзындығы 1метр  шамасында. Домбыраның мойны шанағынан екі есеге жуық ұзын келеді де, тұтас ағаштан шабылады. Шанақтың ортасы қашаумен кеуленіп ойылады да, беті жұқа қарағай тақтаймен жабылып, ағаш шегелериен шегеленеді. Қазақ домбырасы негізінен екі не үш ішекті болған.Оның басына ішек бұрайтын екі құлақ, кіші тиек орнатылады. Шанақ бетінің ортасынан әр түрлі-дөңгелек не үш бұрышты дыбыс ойығы жасалады.Домбыраның шанағының сыртын оюлап, сүйектеп те көркемдейтін болған.
Қазақ халқы ежелден аңшылықпен де шұғылданған. Аңшылық кәсіпке қажетті құралдар: балдақ, томаға, көбелек қалыптар да  қазақ шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар. Тауешкісі мен ақбөкен мүйіздерінен немесе елік сирағынан қамшының  сабын жасайтын болған. Кей кездерде еркектерге арналатын қамшының сабына темірден бауыр салып, қайыс-таспамен немесе жезбен орап тастаған. Мұндай қамшыны халық арасында сарала қамшы деп те атаған..
Қолөнерімен айналысқан ұсталар, көшпелі елмен бірге көшіп-қонып жүріп, шебер ісімен өз өнерлерін ілгері дамытып отырған. Бұл ұсталардың құрал-саймандары көлемі шағын, сандары аз ғана болғанымен, олардың жасаған  бұйымдары ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, өшпестей із қалдырып, бүгінгі күнге жеткен.
Күбі – іркіт пісетін, көже ашытатын, ағаштан жасалған ыдыс, бөшке. Ол екі түрлі тәсілде жасалады:  тас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып, кеңейту арқылы; әр түрлі ағаштардан бірнеше бөлік жіңішке тақтайшаларды темір құрсаулармен бекіту арқылы. Қымыз күбілері аласалау, жуандау болады.
Астау – Ас салатын ағаштан ойып жасалған үлкен кең ыдыс  немесе малға жем салып, су беретін науа. Науа-деген сөздің өзі Малдың су ішуіне, жем, тұз жеуіне арналған үлкен, ұзынша астау деген ұғымды білдіреді.
Аяққап – киізден жасалып, ішіне көшкен үйдің ыдыс-аяғы салынатын бұйым. Ол төрт бұрыштап киізден не былғары теріден жасалады, аузын жауып тұратын ілгекті қақпағы бар. Қақпақтың бетін шұғамен, барқыт тәрізді матамен өрнектейді, жиегіне түрлі шашақтар тігіледі. Аяққапты түйеге, арбаға теңделген жүктің үстіндегі шаңыраққа байлап, алып жүрген.
Иінағаш –  ағаштан жасалған, екі жағына шелек іліп, иыққа салып су таситын құрал;
Х1Х  ғасырдың  екінші  жартысында  шеберлер тұрмыстық тұтыну бұйымдары–жез ыдыстар , еңбек  құралдары - жер жыртатын  соқаның  шойын , темір тістері , жер қазуға арналған күрек , кетпен , егін оруға арналған орақ, шөп шабуға арналған шалғы , ат әбзелдерін  т. б жасай басталған .Осыған орай шеберлердің  құрал-саймандарын, негізінен, үш топқа бөлінген. Мәселен, ағаш шеберлері ердің соқа басын ғана әшекейсіз  қосу үшін  ара, балта, шот, ойыс жүзді шот, қуысқұлақ, үскі, ынғыру, пышақ, балға, тістеуік, сияқты құралдар қолданылса; оның жұмсақ жабдықтарын жасау үшін пышақ, біз, мүйіз сызғыш; былғары бетіне  өрнек түсіру үшін темір талшықтары мен өрнекті ағаш  қалыптары  пайдаланылған.
Қазақ шеберлерінің құрал – саймандарының бұлайша жіктелуі  олардың арасындағы еңбек бөлісу мәселесінің болғандығын көрсетеді. Шынында да, көпшілік жағдайда  біреу ердің ағашын тауып жатса, екінші біреуі қайыс, былғарыдан істелетін жабдықтарын жасаған.
Көне замандардан бізге жеткен кәсіптердің бірі - ағаштан арба жасау өнері. Арба жасау ағашқа ұсталығы мен темір ұсталығын қатар меңгеруді қажет еткен. Арба тәрізді күш-көлік құралы туралы этномәдени деректер ерте замандардан бері қазақ даласында болған шетел саяхатшылары мен елшілерінің жазбаларында сақталған. Арбаның жүк таситын, адам таситын және балаларға арналған түрлері болған. Арба ағаштан құрастырылып доңғалақ, білік, арыс, белағаш, қорап деп аталатын т.б. бөліктерден тұрады.
Қазақ шеберлері киім кешек салу үшін кебеженің  үлкендеу түрі сандықты көп жасаған.          Қолсандық – ұзатылатын қыздарға арнап жасалатын, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретінді. Көлемі шағын, ұзындығы – 45-50 сантиметр, ені 20-30 сантиметр, биіктігі – 15-20 сантиметр болып келеді. Ағаштан жасалып, біртүсті бояумен сырланады.
Сән қуған адамдар оның беттерне нұсқалы, бедерлі оюлар ойғызған, түрлі-түсті бояулармен сан қилы ою-өрнектер салғызған. Оны жасатқанда неше түрлі шұға, асыл тастар, сүйек пен күміс әшекейлермен де безендірткен. Көркемдік ерекшеліктеріне қарай қол сандықтар төрт топқа бөлінеді. Сандық түрлеріне қарай  қол сандық, әбдіре сандық (үлкен сандық), шай сандық, тай сандық (үлкен сандық), ақ сандық, алтын сандық, күміс сандық, кеусандық (киім-кешек салатын үлкен сандық) т.б.  деп бөлінген. Оның бірінші топқа жататын ең тәуірі – сырты түгелдей сүйектеліп әсемделгені. Қол сандықтың екінші тобы: бет жағы түрлі-түсті бояулармен өрнектелгені, үшінші тобы: алдыңғы беттері өте күрделілері. Онда өсім-дік тектес және геометриялық кескіндер бейнесінде бедерлі оюлар ойылады да, түрлі-түсті бояулармен нақыштар са- лынады, төртінші тобы: алдыңғы беттеріндегі өсімдік және геометриялық кескіндердің бір-бірімен айқасып жататыны, ақ, қызыл, жасыл, сары, қоңыр түсті бояулармен әрлеу арқылы бір жазықта ойылған оюлардың 2-3 қатар дең-гейде ойылғандай етіп көрсетілетіні. Қол сандықтың қас беттері, екі жаны, қақпақтарының төбесі тегіс сүйектеледі.

Қазақстанның батыс аймағында қазақ ұсталары жастық ағаштар жасаған. Құс жастықтың астына төсейтін жастық ағаштарды көбінесе оң жақта отырған қыздарға арнап жасаған. Сондықтан оның сыртын түгелдей оюлап, сырлап, көркемдеген. Оның биіктігі-60-70, көлденеңі-90-100см шамасында болған. Мұндай жастық ағаштың барлық бөлшектерін біріктіріп тұратын екі қазық бар, ал оның араларын 2-3 немесе бір ғана жалпақ ағаштың бас жағы атанады.
Ежелден тұрмыс тіршілігі атпен байланысты қазақ халқы жылқыға қатысты дүниелердің барлығын қасиетті санаған. Сондықтан адамдар да ат тұяғынан түсіп қалған тағаны тауып алса қатты қуанатын болған. Себебі Таға қашанда сәттіліктің белгісі деп есептелген. Егер үйдің кіре берісіне таға жоғары қаратып ілінсе қойса, онда Жаңа жылда бұл  үйге береке-байлық, мол қаржы енеді деген түсінік қалыптасқан. Ал егер таға төмен қараған күйінде ілінсе, онда бұл үйдегі отбасының бірлігі мықты болады деген ұғымды білдірген. Ендеше Жаңа Жыл  құт-береке жылы болсын!
Көрменің мақсаты.

Өткен ғасырда  өмір  сүрген  қазақ  ұсталары мен  зергерлерінің  мұраларын  бүгінгі  ұрпаққа  насихаттау, музей қорында сақұталған жәдігерлерді  ел  назарына ұсыну.. Өйткені осынау киелі  халқымыздың     қолынан шыққан  осы  бір өнер  туындылары  сан алуан қырымен, жасалу  шеберлігімен , құндылығымен  қазақ  халқының  ұлттық  байлығын , ұсталық , зергерлік  кәсібінің  бірегей , ерекше  дәстүрін әлемге  паш ететін ұғындыру..

Көрменің тартымдылығы:

Қазақтың  ұмытылып ,  назардан  тыс  қалыңқырап   бара жатқан  киелі де бірегей   ұсталық  кәсіп, зергерлік   өнерін  музей қорындағы жәдігерлер негізінде түсіндіру.

Көрменің ғылыми маңыздылығы:

Әрбір азаматтың ата –тегін, елінің тарихын, ана тілін білуі, ұлтын сүюі қасиетті парызы , ал ұлтының әдет – ғұрпын , салт – дәстүрін , мәдениетін , өнерін  өмір  бойы  сақтап , ұстануы , дамытуы ата – баба рухы алдындағы мәңгілік борышы  мен міндеті екенін бүгінгі жастарға түсіндіру.


Экспозициялық шешім:
Көрме залында жабдықталады.
1-    Кереге.
2-Ағаш шебері
3-Ұсталық-қару-жарақ  арқылы
4-Зергерлік өнер



Ашылуы--------------желтоқсан,
2010ж

«Халық өнері - асыл қазына» -атты
ұсталық дәстүрлі қолөнер туындыларына арналған
көрменің  тақырыптық - экспозициялық жоспары.

(музей қорындағы жәдігерлер негізінде)

Тақырып пен бөлімдер Материалдар жиынтығы Ескертулер
1 Ағаш шеберінің  туындылары

1.Ер, тоқым, құйысқан, өмілдірік, үзеңгі
2.Тостаған, ожау, ағаш қасық, тегене, табақ
3.Домбыра
4. Кереге, Кебеже, жастық ағаш
5.Қол сандықтар

2

Ұсталық  өнер туындылары

1.Сауыт, қалқан, азиаттық қылыш, қанжар,жебе  қорамсақтарымен.
2.Қазан.

3 Зергердің қолынан шыққан бұйымдар Алқа, өңіржиек, тұмарша, сақина, жүзік, сырға, білезік, сәукеле.
4 Құрал-саймандар Егеу,балта,біз,қысқаш,оқ құятын.
5 Картина А.Дүзелхановтың «Қалындық»

З.С.Хангереева,  Г.Б. Бақитова.,
кіші ғылыми қызметкерлер

Регистрация

Жемчужины фонда