Пугачев үйі
Бұл үй – казак, Е.И.Пугачев көтерілісіне қатысушы әрі оның көрнекті серігі М.П.Толкачевтің үйі. Екі қабатты, Стремянный (қазіргі Н.Назарбаев даңғылының Куренядағы бөлегі) көшесінде орналасқан. Бұл үйде Е.Пугачев жиі тоқтаған. Осы үйдің терезесінен Е.Пугачев ең алғаш рет казак қызы Устинья Кузнецованы көріп, оның сұлулығына таң қалғаны соншалықты бірден құдалар жіберген деген аңыз бар. Толкачев 1774 жылы 27 мамырда дарға асылды. Үй сақталмаған.
Кузнецов үйі
18 ғ. Ортасында салынған. Казак Петр Михайлович Кузнецовтың үйі. Оның 16 жасар қызы Устиньяны Е.Пугачев әйел етіп алды.
Бұл үй 1968 жылы қайта жөндеуден өтті. Қазіргі кезде онда 1773-1775 жылдардағы шаруалар көтерілісінің басшысы Е.И.Пугачев музейі орналасқан.
Михайло-Архангел соборы
Қала халқы ескі Собор деп атайды, себебі бұл қаладағы ең ерте салынған құрылыс (1741 жыл). Ол – казак әскерлерінің қамқоршысы архангел Михаилға арналған шіркеу орнына салынған. Құрылыс жұмысы 1747 жылы аяқталып, 1751 жылы ашылды. Псков-Новгород стилінде салынған. Сәулетшісі белгісіз. Е.Пугачев көтерілісі кезінде комендант Симонов айналасында бекініс жасап, қорғанды Собор әскери құрметтердің басты орны болып табылады. Соборда И.А.Крылов, А.В.Суворов, А.С.Пушкин, В.А.Жуковский, В.Г.Короленко болған. Ресей жағының мұрагерлері император Александр ІІ және Николай ІІ соборда шоқынған. Кеңес кезеңінде бірнеше рет жабылып, Е.Пугачев көтерілісі тарихи-өлкетану музейлері болды. 1989 жылы собор діндарларға толықтай берілді.
Әйелдер гимназиясы
Гимназия ғимараты 1836 жылы Үлкен Михайловка (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) және Петропавл алаңының (Пугачев алаңы) бұрышында орналасқан. Ол 1821 жылы өрт кезінде өртеніп кеткен Мизинов үйінің орнына салынды. Алғашқы кезде бірінші қабатта әскери училище, екінші қабатында «асыл жиналысы» орналасты. ХІХ ғ. 60-шы жылдарында ғимаратты қыздар училищесіне берді, ал 1877 жылы Орал әскери әйелдер гимназиясына қайта құрды. Бұл гимназия революцияға дейін жұмыс істеді. Онда негізінен қаладағы белгілі отбасының қыздары оқыды: Мартыновтар, Толстовтар, Бородиндер, Каревтер. Азамат соғысы жылдарында мұнда госпиталь орналасты. 1930 жылы Орынбордан көшірілген халық білімі институты орналасты. 1932 жылдың 1 қазанынан жаңадан ұйымдастырылған педагогикалық институтқа берілді. Қазіргі кезде БҚУ-дың жаратылыстану-география факультеті орналасқан.
Діни училище және Петропавл шіркеуі
Діни училище және Петр мен Павел шіркеулері Үлкен Михайловка (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) көшесінің бойында Петропавл алаңында (қазіргі Пугачев көшесі, бұрынғы 11 қазақ орта мектебі, содан кейін БҚМУ-дың көркем-графика факультеті) орналасты.
Діни училище орналасқан ғимаратты 1878 жылы әскери старшын Н.А.Матыновтан сатып алынды. Діни училищеде қала мен станицадағы христиандар шіркеуінің қарамағындағы қауымға діни қызметкерлер дайындады. Осы училищеде белгілі жазушы В.П.Правдухин оқыды. Қазіргі кезде ғимарат итальян фирмасының иелігінде.
Петр мен Павел шіркеуі қай жылы салынғаны белгісіз болғанымен шіркеу құжаттарында 1736 ж. аталады. Ол Петропавл (Е.Пугачев) алаңында орналасқан. Бұл алаңда 1772 жылы қаңтардағы толқуға қатысқан казактарды дарға асты. Бұл толқу Е.Пугачев көтерілісінің қарсаңында болды және нәтижесінде генерал-майор фон Траубенберг және атаман П.Тамбовцев өлтірілді. Бұл шіркеуде 1774 жылы 1 ақпанда священник (дін қызметкері) С.Михайлов Е.Пугачев пен Устиньяның некесін қиды. Шіркеу бірнеше рет өртенді. Соңғы рет Мәскеу сәулетшілері 1821 жылы қайта салды. Бұл шіркеу қаладағы сұлу ғимараттардың бірі болды. Онда жексенбілік мектеп жұмыс істеді. 1936 жылы қиратылды. Қазіргі кезде шіркеу орнында А.С.Пушкин ескерткіші тұр.
Ванюшиндер үйі
Ванюшиндер үйі – ХІХ ғ. Чикаго қаласында өткен ЭКСПО-да жүлде алды. Шамамен 1880 жылдары ағайынды Ванюшиндер салған үйде коммерциялық клуб, сауда орындары болды. Үш қабатты, кірпіштен қаланған төле (подвал) бар. Төбесі күмбез тәріздес темірден жабылған. Шығыс және солтүстік жақтарында сол кездегі талапқа сай көркем қаланған. Артқы жағы тегіс қаланған. Төбесі шығыс стилінде шатыр түрінде ағаш айдар тәріздес. Бұл Орал қаласының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы шығыс сәулет өнерінің өзіндік ұлттық стилінде салынған құрылыс.
Ванюшиндер үйі Мәскеу Кремлі территориясындағы ескі сарайдың (XVII ғ.) архитектуралық стиліне еліктеп салынды. Құрылыс жұмысына жергілікті кірпіш зауытының материалдары пайдаланылды. Жобаның авторы белгісіз.
1872 жылы Санкт-Петербургтың Солтүстік қауіпсіздік қоғамы Ванюшиндер үйін өз қамқорлығына алды. Ғимараттың бірінші бибісі – өзінің шарап жасау шеберлігімен аймаққа белгілі А.Ванюшина кейінірек бұл үйді коммерциялық (көпестік) клубқа жалға берді. Орал, Бузулук және Самара көпестері демалды, кегельбан (боулингке ұқсас) ойнады. Содан кейін көпестер қоғамына сатты.
1917 жылға дейін облыстың бірінші басқармасы жұмыс жасады. Кейінірек губерниялық азық-түлік комитеті, ауыл шаруашылық техникум орналасты.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Одесса әскери-техникалық училище орналасты. Соғыстан кейін қайтадан ауыл шаруашылық техникум орналасты.
1984 жылы қазанда пионерлер үйіне берілді. Содан кейін № 38 қазақ мектебі болды. Мектеп қабырғасында «Бұл ғимаратта 1937-1940 жылдары Қазақстан халық жазушысы Жұбан Молдағалиев оқыды» деген ескерткіш тақта қойылған.
Ванюшиндердің үлкені көп жылдар Орал орман әуесқойлар қоғамының төрағасы болып жұмыс істеп, қаланың көшелерін көгалдандыру мен саябақтар жасауға көп еңбек сіңірді. Інісі 1-ші сертификациялау зауытының қожасы болды. Оның зауыты шығарған асханалық шараптар өте жақсы дәмі үшін 1893 жылы Чикагода (АҚШ) өткен халықаралық көрмеде медаль алды.
Каревтер үйі
1900 жылы Үлкен Михайловка және Мостовая көшелерінің қиылысында (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы мен Карев көшелері) өте үлкен ғимарат салынды. Бұл Орал өңіріне белгілі көпес Александр Каревтің есімінің құрметіне аталған «Карев үйі» еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша көп жылдар бойы ең үлкен және ең биік үй болды. Бұл ғимарат ХІХ-ХХ ғасырлардағы Орал көпестерінің қуаты мен байлығын көрсететін құрылыс болып саналады.
Үйдің құрылысын миллионер көпес Александр Карев бастады. Тарихи мәліметтер бойынша құрылыс барысында көпестің өзі сатыдан құлап өлген. Құрылысты көпестің қайратты әйелі Д.Ф.Карева аяқтады. 1919 жылы сүзекпен ауырып, Серебряково ауылында қайтыс болды. Үш қабатты ғимараттың тік көтерілген төбесі тағы да бір қабат сияқты көрінеді. Қасбеті (фасад) сылақсыз оюланған кірпіштен қаланған. Екінші қабаттың терезелері кірпіштен жасалған, ал үшінші қабаттіке жақтаудан, перде жиегі мен маңдайшалардан жасалған. Балкондар шілтер өрнекті. Каревтер бұл үйде тұрған емес. Жалға қонақ үйге берді. 2000 жылға дейін солтүстік жағында қара бояумен жазылған «Номерлер» деген жазу болды, яғни қонақтардың номерлері. Екінші қабатта 1871 жылы ашылған кітапханасы бар офицерлер жиыны орналасты. Кейін бұл этажды коммерциялық клуб алды. Үшінші қабат қонақ үй ретінде пайдаланылды.
1908-1909 жылдары екінші қабатта «Электро-Биоскоп» және «Париж кинематографы» жұмыс жасады. 1914 жылы жоғарғы қабатта 1912 жылы ашылған ерлер гимназиясы орналасты. 1919 жылы ғимаратта Орал қаласын ерлікпен қорғау кезінде еріктілер мен жұмысшылар дружинасы құрылды. В.И.Лениннің қорғанысшыларға жолдаған телеграммасы осында оқылды. 1919 жылы 14 желтоқсанда екінші қабат К.Маркс атындағы Еңбек Сарайына берілді. 1934 жылы С.М.Кировтың қайтыс болуымен Киров үйі деп аталды. Азамат соғысынан кейін 50-ші жылдарға дейін үшінші қабат қонақ үй болып қалды. Бұл қонақ үйде С.Сейфуллин, П.Вершигора, Н.Рыленков, Е.Пермитин, Т.Жароков, Ғ.Мүсірепов, Х.Есенжанов, А.Алдан-Семенов және басқалар тоқтаған. Кеңес өкіметі кезінде бұл ғимаратта көптеген мекемелер болды. Соның ішінде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье».
Ұлы Отан соғысы кезінде үлкен әскери госпиталь болды, ал 1944 жылы мұнда облыстық кітапхана ауысты. Бүгінгі күнде бұл ғимаратта Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония және Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан.
Қызыл мешіт
Балаково (қазіргі 8 наурыз) көшесінде кварталға көлденеңінен орналасқан мешіт шамамен 1850 жылы салынған Шығыстық сәулет өнері стилінде салынған ғимаратты төрт қабатты сұлу мұнара бар. Бағаналар тізбегімен безендірілген және терезелері доғалы. Мешіт Қазанна шыққан діндар мұсылмандарды біріктірді. Мешіт жанында медрессе болды. Онда ақын, татар әдебиетшісі Ғабдолла Тоқай білім алды.
ХХ ғ. 20-шы жылдарында мешіт жабылды. 1936-1962 жылдары ғимаратта мүгедектер үйі, № 16 қолөнер училищесі орналасты. 1974 жылдан ғимаратты № 25 техникалық училищесінің жатақханасы пайдаланды. Меценаттардың көмегінің нәтижесінде қайта жөнделіп, қазір мұсылмандар мешіті болып жұмыс істеп тұр.
Пушкин бульвары және халық парасаты театры
Крестововоздвиженка көшесі мен сол аттас алаңның (Коммунистік (қазіргі Қараш) көшесі мен Пушкиннің 100 жылдығына арналған скверінің қиылысы). Осы бульвардың ішінде өзіндік ерекшелігі бар ағаш үй – Халық парасаттылығы театры орналасқан. Ол 1897 жылы «Орал парасаттылар» қоғамының бастамасымен құрылған болатын. Театрда салауатты өмір салты насихатталды: дойбы, шахмат; городки (белгілі жерге тігілген кеспелтек ағаштарды таяқ лақтырып арнаулы сызықтан соғып шығарып ойнайтын ойын), кітапхана, хормен, ән айту, тегін шәй ішу, би. Өкінішке орай біздің күнімізге дейін сақталмады.
Әскери шаруашылық басқармасы
Бұл ғимарат шамамен 1838 жылы тағайындалған атаман В.О.Покатиловтың кезінде салынған. Ол арнайы Орал әскери Кеңесіне арнап салынды. Кейінрек әскери шаруашылық басқармасына берілді. Ғимарат әскери сәулетші А.А.Гопиустің басшылығымен классикалық стильде салынды. 1871 жылы бұл ғимаратта алғашқы әскери көпшілік кітапхана ашылды. 1889 жылы қаладағы бірінші телефон стансасы құрылды. Бұл ғимаратта ғасырлық Орал казак әскерлерінің мұрағаты сақталды. 1900 жылдың қыркүйегінің басына дейін мұрағатта белгілі орыс жазушысы В.Г.Короленко жұмыс істеп, Е.И.Пугачев көтерілісіне байланысты құжаттарды зерттеді. Нәтижесінде «Казактарда» («У казаков») және «Оралдағы Пугачев аңызы» («Пугачевская легенда на Урале») очерктері жарияланды. Қазіргі кезде бұл ғимаратта облыстық А.Гайдар атындағы балалар мен жастар кітапханасы орналасқан.
Атаман үйі
Қаланың ортасында Үлкен Михайловск (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) көшесі мен Атаман көшесінің (бұрынғы Комиссаровская қазіргі Савичев көшесі) қиылысында атаман үйі тұр. Қаланың көрікті үйлерінің бірі. Үй ХІІ ғ. аяғында салынған, екі рет өртенді. Үйдің иесі атаман Д.М.Бородин итальян сәулетшісі М.Дельмединоға өрттен сақталып қалған қабырғаларды пайдалана отырып, жаңа үй салуды тапсырды. Атаманның арнайы жобасымен 1825 жылы итальяндық «палаццо» стилінде, ортасында алдында тіреумен көтеріп қойған, қабырғасыз төбелі қалқа, ғимараттың шеттерінде тас бағаналармен үстап тұрған екі балкон кесілген бөренеден колоннада жасалған ашық галлерея.
Кейінрек атаман В.О.Покатилов Д.М.Бородиннің мұрагерлерінен «тағайындалған атаманның және Оралға келетін ерекше жеке адамдардың ғимараты» үшін қоғамдық ақшаға сатып алды. ХІХ ғ. 30-шы жылдарында 8 жыл бойы бұл үйде Д.И.Даль тоқтады. 1867 жылы болашақ император Александр ІІ өз нөкерлерімен осы үйде тұрды. Олардың ішінде белгілі орыс ақыны В.А.Жуковсий де болды. 1862 жылы маусымда Л.Н.Толстой болды. 1891жылы казактардың Ресейге қызмет етуінің 300 жылдығын тойлағанда болашақ император Николай ІІ осы үйде тұрды. Кеңестік кезеңде бұл үйде алдымен әскери бөлім, содан кейін пионерлер үйі, өлкетану музейінің әдеби бөлімі орнласты. Қазіргі кезде ішкі істер департаментінің госпиталі орналасқан. Үй сәулет және тарих ескерткіші.
Михайлов өрт сөндіру бөлімі
Бұл ғимарат Крестовоздвиженский (бұрынғы Коммунистік, қазіргі Ғ.Қараш) көшесінде орналасқан өрт сөндіру бөлімі 1865 жылы құрылды. Жиналмалы құдықты 1900 жылы салды. Өрт сөндірушілерді сумен қамтамасыз етумен бірге оны Үлкен Михайловка көшесін жазғы суару жұмыстарына пайдаланды. ХХ ғасырдың басында өртсөндірушілерде қос атпен қозғалатын ПН-100 қол насостары болды. Барлығы өрт сөндіру бөлімінде 145 жұмысшы болды.
Қазіргі кезде де өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Онда өрт сөңдіру ісінің мұражайы бар.
Әскери реалдық училище
Әскери реалдық училище (математика, жаратылыстану ғылымдарын басым етіп оқытатын революциядан бұрынғы кездегі орта мектеп) Үлкен Михайловка (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) мен Никольский (қазіргі Ж.Досмұхамедов көшесі) көшелер қиылысында орналасқан. Ғимарат ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарында салынған. Ғимаратта алғашқыда классикалық ерлер гимназиясы болды, 1890 жылы реальдық училищеге қайта құрылды. 200-ге жуық оқушы оқыды.
Кеңестік кезеңде әртүрлі оқу орындары орналасқан: ауыл шаруашылық техникум (институт), педагогикалық училище, қазіргі кезде Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж орналасқан.
Түркістан (қазіргі Абай) алаңы
Үлкен Михайловская көшесі (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) Түркістан көшесіне келіп бітетін.
Бұрыштағы ғимарт (дүкендер мен аула жағында «Информбиржа» баспаханасы) ХІХ ғ. 70-ші жылдарында салынған. Екінші қабатың терезе жақтаулары маңдайшалары Әйел басының бейнелерімен әшекейлеп жапсырылған. Үй І гильдиядағы көпес Владимировке тиесілі еді. Одан әрі қарай бір қабатты үйлер тізбегі орналасқан кварталдың ортасында мезонині бар (үй үстіндегі үйшік). Көпес Е.Стуловтың жеке үйі тұр, бірінші қабатында дүкендер. Бұл үйлер қазіргі кезде сақталған және әртүрлі дүкендер орналасқан.
Сауда – өнеркәсіп коммерциялық банкі
ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші. Түркістан алаңында (қазргі Абай алаңы) орналасқан. 1896 жылы сәулетші А.Бунькиннің (кейбір мәліметтер бойынша Николай Раевский) жобасымен классицизм стилінде салынған 1905 жылы казактардың негізгі кәсіптерін бейнелейтін жауынгер және балықшы мүсіндерімен безендірілді. Кіре берістегі есіктің екі жағына арыстандар қойылды. Бұл мүсіндерді сүретші Н.Г.Калентьев жасады. Балкондардағы нәзік торларды ұста П.И.Лаптишкин дайындады.
ХХ ғ. 30-шы жылдарында казактардың мүсінін ауыл шаруашылық жұмысшыларының мүсінімен алмастырды. Бірінші қабатта Кампанейцтің дәріханасы, көпес Р.Функтің дүкені, Грязновтың шаштаразы болды. Қала тұрғындары бұл банкті АҚ банк деп атады.
Революциядан кейін бұл ғимаратта жұмысшы, солдат және казак депутаттарының қалалық және облыстық Кеңесі отырыстарын өткізді. 1919 жылы губерниялық партия және комсомол ұйымдары орналасты. Көп жылдар бойы Орал облыстық халық депутаттары кеңесі болды. Қазіргі кезде облыстық әкімшілік орналасқан.
Орал қолөнер мектебі
Бірінші орыс-қырғыз (қазақучилищесі 1882 жылы салынған. Онда орыс-қырғыз(қазақ) қолөнер оқушыларының мектебі орналасты. Архитекторы Иван Тец, салдырушы Орал бизнесмені Алексей Ефимович Ванюшин. Мектептің қамқоршысы Ф.И.Макаров болды. Қазіргі кезде бұл ғимаратта облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан.
Жебеуші Христос шіркеуі
Оралдықтар оны кейде «Алтын шіркеу» деп те атайды. Шіркеу Орал казактарының Ресейге қызмет етуінің 300-жылдығына салынған. Оның ірге тасын қалауға тақтың болашақ мұрагері, болашақ император Николай ІІ қатысты (1891жыл 31 шілде). Құрылыс жұмысы 1907 жылға дейін созылды. Жобаның авторы Санкт-Петербург сәулетшісі В.Н.Чагин болды. Жеті күмбезді шіркеу жаңа Мәскеу стилінде салынды. Оны 8 бекініс қоршап тұр. Алдынғы екеуінде «1591» және «1891» деген жылдар көрсетілген. Бекіністі казактардың соғыс қимылдарында олжаға түсірген зеңбіректері қойылды. Күмбездері алтындалған. Шіркеуде көп жылдар бойы өлкетану және атеизм мұражайы болды. 1990 жылы шіркеу орыс православ шркеуінің қарауына қайтарылды.
1995 жылы қазан айында шіркеуге Мәскеуде жасалған Святослав атаулы үлкен қоңырау орнатылды. Бұл бастама кәсіпкер Валерий Сурковтың демеушілігімен іске асты.
Темір жол вокзалы
Тағайындалған атаман Н.Н.Шиповтың кезінде басталған Рязан-Орал темір жолы оның ізбасары атаман К.К.Максимовтың кезінде 1894 жылы аяқталды. Орал темір жол вокзалы 1899 жылы салынды. Құрылыс жұмысында сәулет өнерінің еуропалық және азиаттық элементтері пайдаланылды. Вокзал құрылысы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында бұзылды.